шаблоны joomla образование

Бұл музыкалық мәдени арна болғандықтан мұндағы бағдарламаларды да әнші-бишілер жүргізетін шығар деген ой келді бізге. Өйткені қазақ эстрадасының ханымы Роза апамыз бүгінде кәсіби журналист жоқ деп ренжіп жүрген жайы бар. Таяуда Gakku TV жаңа телеарнасының іске қосылуына және 13 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Астана» алаңында тұңғыш рет өткізілетін «Gakku дауысы» жаңа музыкалық фестиваліне арналған баспасөз мәслихатына қатысқан халық әртісі Роза Рымбаева көпшілікке өзінің назын білдірді. – Әншілер тек концерттерде жүргізуші болып жұмыс жасай алады. Өйткені өзінің мамандығына қатысы бар. Ал жалпы журналистік жұмысты әншілердің атқарғанына дұрыс қарамаймын. Мүмкін бұл проблема дұрыс журналистердің жоқтығынан болар. Мен әлі күнге музыкалық тақырыпты кәсіби тұрғыда талқылай алатын журналистерді кездестірген жоқпын. Олардың көбінің қоятын сұрақтары тұрмыстық деңгейде. Оларды менің қандай киім киіп, қандай тамақ ішетінім, қандай көлік мінетінім ғана алаңдатады. Нағыз музыка тілінде сөйлесетін журналист жоқ, – дейді Роза Қуанышқызы. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші апамыздың бұл сөзіне біздің де айтар уәжіміз бар. Осы тұста Роза Рымбаева апаммен болған бір сұхбат есіме түсіп отырғаны... Осыдан 2-3 жыл бұрын "Алаш айнасы" газетіндегі «Алашқа айтар датым бар» деген айдарға Роза Қуанышқызынан сұхбат алуға бардық. Өзімен алдын ала келісілген уақыт бойынша белгіленген орынға келгенімізде бірден қабағын қарс түйіп: «Біріншіден, фото тілшіңіз кете берсін, мен макияжсыз суретке түспеймін» деді. Содан кейін мен сұрақтарымды қойып бастамастан

бұрын: «мен білетін қазақ журналистерінің бәрі топас, орыстың журналистерінен үйреніңдер. Сен менің концертіме де келіп көрген жоқ шығарсың. Мына газетіңнің бірінші бетіне суретімді шығару үшін, жарнама үшін керек болып тұрмын ба» деп дүрсе қоя бергенде не дерімді білмей қалғаным бар. Халық әртісінің алдында мәдениет сақтап сөз таластырмадым, ары қарай сұрақтарымды қоюға көштім. Қазақ эстрадасындағы, мәдениеттегі түйіткілдер туралы әңгіме қозғай бастағаным сол еді, «сен бұл әңгімелеріңді Мәдениет министрлігіне барып айт! Мен әншімін. Мен тек музыка туралы әңгімелесемін» деді. Музыка туралы да әңгімелестік. Сонда деймін-ау, осындай қазақ өнерінің көш басында жүрген аға-апаларымыз мәдени салаға қатысты салиқалы ой айта алмаса, оған журналистердің не кінәсі бар? Ал енді о бастағы әңгімемізге оралайық. Телеарнада әншілер кәсіби тележүргізушілердің жоқтығынан әншілікпен жүргізушілікті жағаластырып жүр деу артық енді. Тек телеарна басшылары рейтинг үшін түр-түсі танымал әншілерді кез келген бағдарламаны жүргізуге шақыра беруді әдетке айналдырып алғаны болмаса... Егер біз, журналистер қауымы «Қазақстанда іліп аларлық, жібі түзу әнші жоқ» деп көпке топырақ шашсақ, өзін өнерлімін деп санайтын азаматтарымыз қалай тулар еді? Ниеті дұрыс әншіге сөзі түзу журналист те табылады. Алдағы уақытта кәсіби тележүргізушілер әншілердің қолынан тізгінді өздері алатынына сеніміміз мол. Қазіргі таңда журналистер үшін әншінің киім-кешегін, ішкен жегенін, мінген көлігін жазу қызық емес. Өйткені өнерпаздарымыздың өздері-ақ ешкім сұрамаса да әлеуметтік желіде отырып, қай дүкеннен не алғанын, қай мейрамханада кіммен қандай шәй ішкенін, қайда қыдырғанын, түнде ұйықтаған-ұйықтамағанын жазып, суретімен қоса жариялап отырады. Сондықтан су жаңа ашылған арна Hit.TV-ның көшірмесі болмайды деп, тек «Жұлдыздар жарқырайды» секілді жобалармен толмайды деп үміттенейік.

статьи о собаках